Сабақта ойын не береді
Ойын сабақтың кез келген кезеңіне жарайды: басында — өткенді еске түсіруге, ортасында — жаңа тақырыпты бекітуге, соңында — тексеру мен рефлексияға. Командалық ойында әлсіз оқушы да жауапқа қатысады, ал мұғалім бүкіл сыныптың қай сұраққа сүрінгенін бірден көреді.
Тақта ойындарының басты ерекшелігі — телефон керек емес. Сұрақ проекторда тұрады, оқушылар қол көтеріп не ауызша жауап береді, ұпайды мұғалім тақтаны басып қосады. Сондықтан ойын телефонға тыйым салынған сыныпта да, интернеті әлсіз мектепте де жүреді.
Ойынды қалай таңдау керек
- Жаңа тақырыпты бекіту — Викторина, Бәйге, Тақырып табло, Алтын баспалдақ: сұрақ-жауап, ұпай, жарыс.
- Терминдер мен ұғымдар — Сөзжұмбақ, Сөз іздеу, Ыстық орындық, Сөз барабаны, Жұбын тап.
- Ретін табу мен жіктеу — Ретімен қой, Уақыт таспасы, Сұрыпта, Артығын тап.
- Сергіту мен тексеру бірге — Тұр — отыр: тұжырым дұрыс болса, оқушылар тұрады.
- Бастауыш 1–4 сынып — Математика жаңбыры, Сағат, Сандар сызығы, Дүкен: мысалдарды ойынның өзі құрастырады.
- Бүкіл сынып бір команда болып — Сейф, Бәйтерек, Бинго: бәсекесіз, бірлесіп ойнайды.
Телефонсыз ойынды қалай өткізу
- 1
Сыныпты 2–4 командаға бөліңіз (не бүкіл сынып бір команда) — командалардың түсі тақтада көрінеді.
- 2
Ойынды проекторға шығарыңыз: сұрақтар таңдалған сыныптың бағдарламасынан алынады.
- 3
Оқушылар қол көтеріп, ауызша не парақшаға жазып жауап береді.
- 4
Мұғалім дұрыс жауапты тақтаны басып белгілейді — ұпай, ат, зымыран не шар өзі жылжиды.
- 5
Соңында жеңімпазды жариялап, қиын болған сұрақтарға қысқа рефлексия жасаңыз.
Ойынды сабақтың қай кезеңінде қолдану
Бір сабаққа бір ойын жеткілікті: ойын мақсатқа қызмет етсін, сабақтың өзін алмастырмасын. Ойыннан кейін 1–2 минуттық рефлексия жасасаңыз, оқушылар не үйренгенін аңғарады.
| Кезең | Не үшін | Қандай ойын |
|---|
| Сабақ басы | өткен тақырыпты еске түсіру, үй тапсырмасын тексеру | Тұр — отыр, Артығын тап, Викторина |
| Жаңа тақырып | терминдер мен ұғымдарды бекіту | Жұбын тап, Сөзжұмбақ, Ыстық орындық |
| Практика | тапсырманы жарыс түрінде орындау | Бәйге, Арқан тарту, Киіз үй тұрғыз, Тақырып табло |
| Сабақ соңы | тексеру мен қорытынды | Алтын баспалдақ, Сейф, Бинго |
Дидактикалық ойын деген не
Дидактикалық ойын — оқу мақсаты ойын түрінде берілген тапсырма. Оның төрт бөлігі бар: оқу міндеті (не үйренеміз), ойын ережесі, ойын әрекеті (жауап беру, жүру, сұрыптау) және нәтиже (ұпай, жеңіс, ашылған сейф). Оқушы ойнап отырып, бағдарламадағы оқу мақсатын орындайды.
Сондықтан ойын таңдағанда алдымен сабақтың оқу мақсатына қараңыз: терминді есте сақтау керек пе, ретін табу ма, есеп шығару ма. Осы беттегі әр ойынның «ішінде не бар» белгісі (сұрақтар, терминдер, жұптар, реттілік) таңдауды жеңілдетеді.
Командаларды қалай бөлу
- Командаларды күші бойынша араластырыңыз: әр командада күшті де, әлсіз де оқушы болсын.
- Бір сұраққа команда атынан бір оқушы жауап береді, жауап берушіні кезекпен ауыстырыңыз.
- Қате жауапқа айып салмаңыз: оқушылар қателесуден қорықпай, көбірек қатысады.
- Ұпайды тақтада бәрі көріп тұрсын — ойынның әділдігі сонда сезіледі.
- Бинго үшін карталарды алдын ала басып шығарыңыз; басқа ойындарға қағаз керек емес.
Сұрақтар қайдан алынады
Кез келген сыныпқа сұрақтарды ЖИ тақырып бойынша құрастырады немесе мұғалім өзі жазады. 1–4 сыныптың математика ойындары мысалдарды өзі шығарады — токен жұмсалмайды.
| Сынып | Сұрақтар |
|---|
| 1–3 сынып | ЖИ тақырып бойынша құрастырады |
| 4 сынып | ГАШ пен МОДО банктері |
| 5–8 сынып | мектеп банкі |
| 9 сынып | ГАШ, МОДО және мектеп банкі |
| 10–11 сынып | ҰБТ банкі және мектеп банкі |
Тақтада ойынға не керек
Проектор мен ноутбук не интерактивті тақта және браузер жеткілікті — бағдарлама орнатудың қажеті жоқ. Мұғалім ойынды таңдап, сыныпты, пәнді және сұрақ санын белгілейді, командалардың санын көрсетеді. Ойын толық экранда ашылады, ұпай мен кезек тақтада өзі есептеледі.
Ойынды сабаққа дейін бір рет ашып көріңіз: сұрақтар сыныпқа сай ма, мәтін артқы партадан оқыла ма. Сұрақтар ұнамаса, оларды ЖИ-ге құрастыртуға не өзіңіз жазуға болады.
Бастауыш және жоғары сыныптарға
1–4 сыныпта қысқа, қимылы бар ойындар жақсы жүреді: Тұр — отыр, Математика жаңбыры, Сағат, Сандар сызығы, Дүкен, Киіз үй тұрғыз. Математика ойындары мысалды өзі шығарады, деңгейін таңдайсыз: 10-ға дейін, 20-ға дейін, 100-ге дейін, көбейту.
9–11 сыныпта ойын емтиханға дайындықпен ұштасады: сұрақтар ГАШ, МОДО мен ҰБТ банктерінен алынады. Тақырып табло мен Алтын баспалдақ тарау бойынша қайталауға ыңғайлы.
Пән ойындары: тақырыптың өз ойыны
Пән ойыны — нақты тақырыпқа жасалған интерактивті сахна: молекула құрастыру, электр тізбегін тұйықтау, Қазақстан картасына қала қою, септік жалғауын табу, ғаламшарларды ретімен қою. Олар алты тәсілмен жұмыс істейді: құрастыр, ретке қой, сұрыпта, санап көр, картаға қой, теңестір. Бесеуі үш өлшемде (3D) ойналады.
Пән ойыны да тақтада жүреді: оқушы тақтаға шығып сүйрейді не басады, сынып көмектеседі.
Ашық сабаққа ойын
Ашық сабақта ойын оқушылардың өзара әрекеті мен танымдық қызығушылықты арттыру тәсілдерін көрсетеді — бұл сабақты бақылау парағының критерийлері. Bilim Plus Ұстаз-дағы «Ашық сабақ — бәрін бірден» ҚМЖ мен презентациямен бірге сабақ тақырыбына «Тақырып табло» ойынын да жинайды.